Отан... Бұл сөз - әр адамның жанына жақын, жүрегіне жылы тиер сөз. Құс ұясыз болмайтындай, адам Отансыз болмайды. Біздің Отанымыз - Қазақстан, ол - егемен, тәуелсіз ел. Талай жылғы ұлы дүбір, дүрбелеңнен кейін жарқын болашақтың таңы атып, еркіндік пен теңдік есігін айқара ашты. Әрине, бұл күн оңай келмегені белгілі. Еліміздің арыстары талай жылдар тар жол тайғақ кеше жүріп, еліміздің болашағы үшін аянбай күресіп, табандылық пен асқан қайсарлық танытты. Елі үшін қасық қаны қалғанша күресіп, өз жанын пида еткен ер есімі қашан да ел есінде. Өткенімізді ұмытсақ - болашақ бізді кешірмейді, - деген ұлы сөз бар емес пе?! Өткенді ұлықтау, Ұлы Жеңісті дәріптеу, батырларымыздың ерлік істерін үлгі-өнеге тұту, Отанды қорғау, құрметтеу мақсатында "Жеке батыр" шаңырағы 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр - Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай "Ана туралы баллада" атты танымдық сағатын өткізді. Шаңырақ оқушылары соғыс жылдарында туған әннің шығу тарихына шолу жасап , шағын сахналық қойылым қою арқылы соғыстың зардабын көрсете білді. Сондай-ақ, көрермендерге ән авторы Жақсыгелді Сейіловтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы да толыққанды мағлұмат берді.